Серік Сейтман – ақын, журналист

Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың және Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты. Қазақстан Республикасының патриот жастарына берілетін республикалық «Жас тұлпар» сыйлығының иегері. Қазақстан авторлар қоғамының және Қазақ радиосы Көркемдік кеңесінің мүшесі.

1999 жылы Отырар ауданындағы А. Дәрібаев атындағы орта мектепті бітірді. 2003 жылы Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін тауысты. Университетте оқып жүргенінде оқу орнының жанынан құрылған Саттар Ерубаев атындағы әдеби бірлестікті басқарған.  2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасына түсіп, 2008 жылы одан филология магистрі деген ғылыми дәреже алып шықты. 2006 жылдың қаңтарынан Қазақ радиосында редактор-жүргізуші, «Руханият» бас редакциясы Бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарып келеді.

Бұған дейін Қазақ радиосының эфирінен өткен «Жұлдызды түн», «Мәдени мұра» хабарларының редактор-жүргізушісі; Ұжымдық «Менің Қазақстаным» радиожурналының топ жетекшісі; Жастар шығармашылығына арналған «Тамшы» хабарының, «Айдында жүзген ай сәуле» әдеби-сазды бағдарламасының және елдік мұрат-мүдделерді өзек ететін «Парыз» (бұрынғы «Қазақты сүю») хабарының авторы әрі редактор-жүргізушісі болған.

Республикалық жыр бәйгелерінің бірнеше рет жеңімпазы. 2007 жылы Баянауылда өткен жас қаламгерлердің республикалық тұңғыш форумында Көтеш Райымбекұлы атындағы Сыйлыққа ие болған. 2010 жылғы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты. 2006 жылы «Қырсық қызға қолтаңба», ал 2010 жылы «Қазақтың қаны» атты жыр жинақтары Алматы қаласында жарық көрген.