Шарафуддин Шәмшидінұлы болашағын қауіпті мамандықпен байланыстырған жігерлі жан. «Өрт – тілсіз жау» деген мақал орынды айтылса керек. Шарафуддин қызыл жалынмен күресіп, адам өмірін құтқаруды – тек қызметі ретінде ғана емес, парыз санайды.    

2016 жылы 23 қазан күні 15: 44-те өрт сөндіру бөліміне Абай ауылы М.Артықов көшесінің бойында орналасқан «Қазына» азық-түлік дүкенінде өрт туралы шұғыл хабар түседі. Абай ауылындағы №19 өрт сөндіру бекетінің жауынгерлік есептегі жеке құрамы шұғыл жиналып, өрт сөндіру техникасымен оқиға орнына 8 минутта жетті. Осы уақытта «Қазына» азық-түлік дүкенінің жер төлесі қызыл жалынға оранып, қою қара түтін будақтап шығып жатқан еді. Сол жердегі адамдар жер төленің ішінде адам бар екенін бөлімше командирі азаматтық қорғау старшинасы Шарафуддин Калымбетовке жеткізген. Жылдам шешім қабылдаған Ш.Калымбетов шеберлігі мен батырлығының арқасында жер төленің арт жағындағы темір терезені бұзып кіріп, ішіндегі 2001 жылғы Әбдікерім Үсен деген азаматты алып шықты. Тез арада өрттен зардап шеккен жігітке медициналық көмек көрсетіп, артынша жедел жәрдем қызметкерлерінің қолына табыстады.