Тамерлан Анзорович Шадукаев – спортшы, грек-рим күресінен Қазақстанның спорт шебері.

Бала кезінен грек-рим күресіне ынтық болып өскен Тамерлан 2008 жылдан бері ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы М.Досмағамбетов жетекшілік ететін Қостанай Мемлекеттік университеті жанындағы «Олимпиадаға дайындайтын балалар мен жасөспірімдер мектебінде» жаттығып жүр.  Жиырма жастан енді ғана асқан Т.Шадукаев тынымсыз дайындық, ерік-жігер және күш-қайраттың арқасында зор табысқа жетіп келеді. Ол – кадеттер арасындағы Қазақстан (2013) және Азия чемпионы (Моңғолия, 2013), Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Сербия, 2013). Сондай-ақ, жастар арасында да халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. МӘселен, 2014 жылы Моңғолияда өткен Азия чемпионатында қоланы қанжығаласа, 2015 жылы Мьянманың Найпидо және 2016 жылы Филиппин астанасы Манилада өткен Азия чемпионаттарында тек қана финалда сүрініп, күміс жүлдені иеленіп қайтты. Есесіне 2016 жылы Францияның Макон қаласында өткен Әлем чемпионатында топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап келген еді. Ал, 2015 және 2017 жылғы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында екі мәрте күміс медальға ие болды.