Татьяна Бурмистрова – Қазақстанның мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші

Татьяна Бурмистрова ұлты басқа болса да, дархан қазақ жерінде кіндік қаны тамып, бала кезінен ұлттық аспабымыз – домбыраны қолына алып, қазақша ән салған дарынды жан. Қазақ тілінің қадір-қасиетін жан-тәнімен сезіне білген Татьянаны исі қазақ жақсы көреді. Кезінде үш Татьяна болып сахнаға шығып, бар көрерменнің көзайымына айналған үштіктің бірі.

«Мен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Алғабас ауылында туып өстім. Әкем Николай көп жылдар бойы совхоз директоры болып қызмет атқарды. Біздің кезімізде әке-шешеміздің айтқан сөзі біз үшін заң болатын. Заң талқыланбайды, орындалады. Мектеп бітірген күні анам Александра менен қандай мамандық таңдайтынымды сұрады. Мен «Прокурор болам!» дедім. Анам менің дәрігер болғанымды қалайтынын айтты. Сөйтіп, дәрігер болып шыға келдім. Адамның ана тілі анасынан берілсе, екінші анасы – еңбек болуы керек. Адамды шыңдайтын да, шыңға шығаратын да – еңбек. Мені де осындай күнге жеткізген тәрбие, білімнен бөлек, еңбек дер едім. Ауылда өстік. Еңбекпен өстік. Сол ауылдағы қазақы тәрбие мен еңбекке баулу біздің ұстап тұрған мықты тамырымыз» – дейді Татьяна Бурмистрова.

Ол осылай анасының айтуымен 1975 жылы Алматы медициналық институтына оқуға түседі. Институтта оқып жүріп, ақындар айтысына қатысып, «Алтыбақан», «Тамаша» танымал бағдарламаларында өнер көрсетті. Он жасынан бастап домбыраны қолына алған Татьяна 30 жыл бұрын сахнаға шығып, бүгінгі күнге дейін халыққа өз өнерін көрсетіп келеді. Әншінің кәсіби білімі жоқ.

Алайда ол белгілі домбырашы Әбдіманап Сәрсенов, Ғарифолла Құрманалиевтерден сабақ алып, халықтың ұлттық шығармаларын бастапқы нұсқасында орындауды үйренді.

Әбдіманап Сәрсенов, Т.Бурмистрованың ұстазы: “Біздің мектепте көркем өнерпаздар үйірмесі жұмыс жасайтын. Міндетті түрде жыл он екі ай шәкірт тәрбиелейді ондағы ұжым. Ал Татьяна қыз өзі сондай өнерге әуесқой болды, өзінен-өзі келіп, сол үйірмеге  қатысты да кетті. Алғашында тек ән салатын, домбыра тартуды білмейтін, оны өзім үйреттім. Осылайша халық әндерін, термелер мен авторлық әндерді де кейіннен өзі емін-еркін домбыраның сүйемелдеуімен айтатын дәрежеге жетті. Сондай алғыр, ізденімпаз қыз болып өсті. Осылайша көптің көзіне ілікті, құрметке бөленді. Мектеп қабырғасында жүргенде үнемі аудандық, облыстық өнер байқауларына қатысып, жүлделі 1-орынды жеңіп келетін” - дейді.

Татьяна Бурмистрова қазақтың салт-дәстүрін сақтай отырып, домбырада ұлттық әндерді шебер орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Ол Естай Беркімбаев, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиевтердің сөздеріне жазылған әндер мен термелерді шебер орындайды. 2003 жылдан бастап Алматы қаласындағы «Ұлттық өнер» ЖШС-нің директоры.