Төремұрат Өтепов – «Қайрат» ЖШС директоры

Дарқан даламыздағы астықтың Отаны болған Қостанай өңіріндегі «Қайрат» ЖШС қызметкерлерінің еңбегі ерен. Күнделікті жеп отырған нанымыздың түбі ұн болып, одан бұрын бидай, дән болып сол жақтан келіп жатқанын ескере бермейтініміз шындық. Диқандардың басын қосып, жұмыла жұмыс істеп, ел игілігіне жарап отырған «Қайрат» ЖШС-ға 1997 жылы басшы (ол кезде АҚ директоры) болып Төремұрат Өтепов келген болатын. «Ердің атын еңбек шығарар» демекші білімі мен еңбекқорлығының арқасында елге танылды, Елбасы Н.Назарбаевтың назарына ілікті. Ол 2011 жылы Мемлекет Басшысының алғыс хатымен марапатталса, 2013 жылы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «Орта және кіші кәсіпкерлік субъектісі» Алтын «Парыз» сыйлығына ие болды. Одан бөлек, адал еңбегі, кәсіби біліктілігі де бағаланып, 2007 жылы «Еңбек Даңқы» медалінің, 2011 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанған болатын.