Маханов Тұрғанбай Маханұлы 1939 жылы 27 наурызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1963 жылы Ақтөбе медициналық  институтын бітірген соң, Жалағаш аудандық  ауруханасында оташы-дәрігерліктен бастап,  облыстық денсаулық сақтау  басқармасы бастығының орынбасары,   облыстық  аурухана бас дәрігері, облыстық  денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметтерінде үздіксіз өсу, медицина саласының қиын да, күрделі, сан-саналы өмір, қызмет  өткелдерінен өтті. Оның азаматтық келбеті, қызметтегі жан-жақты іскерлігі, облыстық аурухананың бас дәрігері  кезеңінде  айшықталды.

1989 жылы Кеңес Одағы халық депутаты болып сайлануы әр пендеге бұйыра бермейтін бақ  еді.
Аурухананың қыруар жұмысымен қатар,  мемлекеттің мүшесі ретінде  облыстық медицина саласының  күрделі  проблемаларын шешуге белсене кірісіп, Одақтық министрліктер мен  денсаулық  саласының басшы  мекемелеріне, Сыр өңірінің экологиялық   жағдайын,  медицина  мекемелерінің өзекті  мәселелерін, Арал өңірі   халқының денсаулығын  жақсарту  шараларын   қоя  білуінің арқасында облыс  орталығында ХХI ғасырдың емдеу-профилактикалық  мекемелері атанған облыстық  диагностикалық зерттеу орталығы мен облыстық  медициналық  орталықтың  салынуына зор еңбек етті.

Т.Маханов денсаулық  сақтау  саласының қыруар  ұйымдастырушылық  жұмысымен қатар көптеген дүниежүзілік  денсаулық  сақтау ұйымының  конференцияларында (Алматыда, Софияда т.б.) Одақтық дәрежедегі ғылыми-практикалық  форумдарына бірнеше  дүркін қатысып, Сыр өңірі денсаулық  сақтау саласының күрделі жағдайлары бойынша сөз сөйлеп,  мәселелер қоя білді. Осы жинақталған  материалдардан «Арал аймағы:  медициналық  әлеуметтік, демографиялық сипаттама» атты жинағын  шығарып, бір монография, 32 ғылыми еңбектің, «Денсаулықтың ақ ордасы»,  «Ана бақыты» кітаптарының авторы.

Т.Махановтың  ерен, өнегелі еңбегі, іс-тәжірибесі мемлекет  тарапынан әділ бағаланып: «Халықтар достығы», «Құрмет»  ордендерінің,  «Қазақстан Республикасы еңбегі сіңген дәрігері», «Облыстың құрметті қайраткері» атақтарымен марапатталды.Т.Маханов бүгінгі күні арамызда қызмет жасауда. Ол облыстық медицина орталығының құрметті директоры, Қазақстан Республикасы дәрігерлері мен  провизорлары ассоциациасы, облыстық  бөлімшесінің президенті т.б. қоғамдық жұмыстар  атқаруда. 

Жас мамандарға  ақылшы-ұстаз, Сыр өңірі денсаулық сақтау саласының үлкен  жанашыры. Кез-келген адамға «Алланың бағы, жарының бабы қоса беріле бермейді», бірақ Түрекеңе екі бақыт та қатар қонған. Жары София Әділқызы өмірлік адал жар, отбасының ұйтқысы, қыздары Ғалия мен Әлияның анасы. Олар да адал еңбектерімен әке даңқын арттыруға өз үлестерін қосып жүр.