Үміт Қыранқызы – ақын-жазушы, сазгер. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Авторлары  қоғамының мүшесі, ҚР Театр қайраткерлері Одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің үздігі.

Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының шығармашылық бөлім жетекшісі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл медалімен марапатталған.

Ақын естелігенен

Балдай тәтті балалық шағым Жамбыл облысы Меркі ауданы К.Маркс колхозында өтті. Бала күнімде живопиське әуестендім,  сурет салуға деген құмарлығым ерекше еді. Алайда, менің қызығушылығым мұғалімім тарапынан үлкен тыйымға кезігіп, «трагедияға» ұшырай жаздаған. Бастауыш сыныпта.

Бірінші орыс класында оқитын кезім. Барлық ойын балаларындай мен де денешынықтыру, сурет, ән, еңбек сабақтары секілді эстетикалық тәрбие беретін пәндерді жақсы көрдім. Әсіресе, аптасына бір-ақ рет болатын сурет сабағын асыға күтетінмін. Бір күні «үйге берілген еркін тақырыпқа» алдымдағы екі бірдей ағаммен бірге мезгілсіз дүние салған қылқалам шебері, сүйікті әкеме ұқсап, «ұлы қызыл көсемнің» суретін салып бардым. Мұғалім қатты таңданып, «бестік» баға қойып, риза болды. Бірақ, қазақша сыбырлай отырып, енді бұдан былай  мұндай сурет салмауымды, Владимир Ильич Лениннің суретін рұқсатсыз салған адамды абақтыға қамайтынын ескертіп, «күн көсемнің бейнесін» кез келген адамның сала беруіне тыйым салынғанын жеткізді. Онымен қоймай, бұл суретті «енді жыртып тастауға да болмайтынын», «бөгденің көзіне көрсетуге де болмайтынын» тәптіштей түсіндіріп, үрейге толы жанарымен жанашырлық сезімін ұқтырды.

Өзі пәлен тиынға сатып алынған, құнды, «Тетрадь для рисования» атты көлемді, он екі бетті, алты парақты әлгі қалың дәптерімді біресе шкаф түбіне тығып, біресе жастық астына жасырып, атеизм аспанында төбеден Құдайдай төніп тұрған қызыл жағалы милиционерлер бәрібір тауып алса, мені оңдырмасын біліп, неше күнді қорқынышпен батырып, неше таңды қорқынышпен атырғаным есімде. Тіпті, бар сүйенішім – шешеме де білдірген жоқпын.

Ауылдың орта мектебіне арнап, оң қолын оң жақ шекесіне тақай көтеріп тұратын шәпкелі Лениннің кішігірім үйдің бір қабырғасын алатындай рамкалы полотноға майлы бояумен салынған көркем түсті бейнесін жазған әкемнің тезірек қайтыс болып, орган қызметкерлерінен «құтылып кеткеніне» де қуанып, өзімді-өзім жұбатқанымды қайтейін... Суретті салғызған мектеп басшылығы шындап келгенде әкемді қорғай алмай қалуы да ықтимал еді ғой... Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында бояуы жаңа сиямен бастырылып, жаңаланатын ол сурет біздің орта мектебіміздің ескі ғимаратының сыртқы кіреберіс есігінің көрнекті жерінде біз есейіп кеткенше ілулі тұрды. Мектепке кірген-шыққан сайын сегіз қырлы, бір сырлы әкемнің сиқырлы саусақтарының табы қалған әлгі күн көсемнің «Оқы, оқы және оқы!» деп жымиятын мейірімді жүзіне сырт көзден тасалана, мейірлене қарайтын әдетім сонда пайда болды. Ал оның суретін салудан қалған бір мысқал үрей әлі күнге бойымда әлдебір жағдайларға күдік туғызып, күмән келтірердей жайсыз сезімдер пайда бола қалса, менмұндалап атой сап, бас көтеріп қоятыны бар...

Шүкір, еліміз тәуелсіздік алып, бір Жаратқан Иемізден басқа ешкімнен қорқуға тұрмайтынын түйсінгелі бері тілімді қаллимаға келтіріп, әлгі сортаңы шыққан сормаңдай «стреске айналған шокты» тізгіндеп келем, әйтеуір!..

Содан,.. бала кезімде :

«Әкем менің суретші,

Салып ед талай суретті,

Әкеңдей бол деп Анам

Сызуды маған үйретті», - деп шумақтар шығаратын менің ең басты арманымның балауса тынысы осылай тұншықтырылған.

Ақынның поэтикалық және прозалық төрт кітабы жарық көрген. Қазіргі таңда Облыс, аудан, ауыл кітапханаларының оқырмандары пайдалануда.