Василий Смолин – жаттықтырушы

 

Жастайынан жанына спортты серік еткен Василий Смолин 2016 жылдан бастап балалар жаттықтырушысы. Яғни, ол футбол спорт түрінен бапкер. Спортшының арқасында «Аят» футбол командасы бірнеше қола жүлделерді қоржынға салды. Ал ең үлкен жетістіктері аталған команда Қазақстан Республикасы чемпионатының жоғарғы лигасында 2 рет күміс жүлдені иелеген.

Ол 1990 жылы 5 желтоқсанда Қостанай облысында дүниеге келген. 2013 жылы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының спорт және дене шынықтыру факультетін бітірген. Қазіргі таңда ол Рудный қаласы әкімдігінің «Аят» спорт клубында балалар жаттықтырушысы болып жұмыс істейді.

Василий балаларды тек спортқа ғана баулып қоймай, оларды отансүйгіштікке, жауапкершілікті сезінуге бейімдейді. Оның мақсаты әлі де шәкірттерін жеңіс тұғырынан көрсету.  Жалқаулыққа бой алдырмау керектігін әрдайым балаларға айтып жүретін спортшыға ата-аналар да дән риза. Өйткені жас спортшылар үнемі  жаттығу залы мен футбол алаңына асығады.

Жыл сайын футбол спорт түріне қызығатын бүлдіршіндер саны артып келеді. Олардың дені «Аят» футбол клубын таңдайды. Себебі балалардың шымыр әрі мықты спортшы болып өсуі үшін ата-аналар бүлдіршіндерді жаттықтырушы Василийге тапсырады.