Зағира Мешелова – жеке кәсіпкер. Ол Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Қыздар Педагогикалық институтын (қазіргі ҚызПУ) бітірген. Еңбек жолын кітапханашы болудан бастаған З.Мешелова Кеңес Үкіметі ыдырап, Қазақ Елі өз тәуелсіздігіне қол жеткізген жылдардан бастап жеке кәсіппен айналысып келеді. «Еңбектің наны, жалқаудың жаны тәтті» дегендей, сол бір сындарлы уақытта еш қиындыққа мойымай, тәуекелге бел байлап, бизнеспен айналысуды бастап кеткен ол бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отыр. Сүт өнімдерін дайындайтын цех ашып, аудан тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етті. 2016 жылы Болгария Республикасынан құны 200 мың евроны құрайтын құрылғы сатып алып, қазір оның цехынан қарапайым сүт өнімдері ғана емес, голланд ірімшіктері, сапалы сары май мен Кострома моцарелласын дайындап сауда нарығына шығарып отыр.

Баса айта кететіні, Зағира Мешелованың цехы 17 адамды жұмыспен қамтып отырса, олардың дайындаған өнімдеріне деген сұраныс жыл санап емес, ай санап артып отыр. Сондай-ақ, шығарған өнімдерінің басым бөлігі шетел асып жатқанын мақтанышпен айтсақ болады. З.Мешелова – қайырымдылықпен айналысқанды жаны сүйетін абзал ана. Әсіресе, жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясына тұрақты түрде қатысып, жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушы балаларды киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етіп отырады. Алдағы уақытта З.Мешелованың есімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен бекітілген «100 есім» жобасынан табылып жатса еш сөкеттігі болмасы анық.