Жанар – 21814 әскери бөлімінде «Орал» зымыран-артиллериялық жауынгерлік кемесінде техник маман ретінде  қызмет ететін жалғыз қыз. Ол – Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Жоғарғы оқу орынын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған аруды «теңізші болсам» деген арманы әскери салаға жетеледі. 2011 жылы Астана қаласындағы  ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшылығына қызметке орналасады.

– Кезекшілік барысында Ақтаудағы әскери бөліммен байланысқа шығып, кемелер туралы ақпарат аламыз,- дейді Жанар. – Міне, менің әскери-теңізші болсам деген түбегейлі мақсатым осы кезде пайда болды. 10 айдай қызмет еткеннен кейін, буырқанған теңіз толқындарын көзбен көріп, жүрекпен сезіну үшін Маңғыстау өңіріне қызмет бабымен ауысып келдім. Өмірімнің ең қызықты  сәттері осы кезден бастау алды. Себебі, мен келісімен 6 айға Орал қаласына іссапарға аттанып кеттім. Зауыттан шыққан жаңа кемені суға түсірдік. 6 ай бойы кемелердің характеристикасын жаттадық. Жаңа кемелердің іші жақсы жабдықталған, маған бірден ұнады. Менің алғашқы сапарым мен үшін сынақ болды. Бірден ортаға сіңісіп кету үшін барынша тырыстым.   

 

Жанар – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің шекарасын күзететін «Орал» кемесінде байланысшы болып қызмет атқарады. Жанардың қарулас достары-әріптестері экипаж құрамындағы  30 әскери-теңізші «арпа ішіндегі бір бидай» болған нәзік жанды барынша құрмет тұтады. «Кілең ерлермен  қызметтес болу қиын емес пе?», – деген сауалымызға Жанар: «Басында теңіз айдынына аттанар сәтте сәл қобалжығаным рас. Алайда уақыт өте келе үйреніп алдым. Ең бастысы мен өзімнің қызмет орынымда міндетімді жауапты атқарсам болды деген мақсат қойдым. Біздің ұжымның басты ұстанымы – ұйымшылдық, ауызбірлік. Біз бірлікті ту еткен ұжымбыз», – дейді.

2015 жылы Каспийдің акваториясында осы теңіз маңы елдері әскери-теңіз күштерінің қатысуымен «Каспий теңізі – 2015» сайысы тұңғыш рет өтті. Оған отандық «Сарыарқа» зымыранды-артиллериялық кемесімен қатар, кейіпкеріміз қызмет ететін «Орал» кемесінің экипаждары қатысқаны бәрімізге мәлім. Осында жауынгерлік байланыс бөлімінің технигі Жанар сайыс кезінде байланысқа шығып, даусымен өзге ел экипаждарын таңғалдырыпты. Оның даусын естігендер құлақтарына сенбей, біздің әскерилерден: «Рациямен шығып жатқан қыз бала ма, сіздерде қызмет істей ме?», – деп сұрастырыпты. Олардың «иә» дескен жауабына сенбегендер кемеге арнайы келіп, танысқан екен. «Біз сол жолы Махачкалада үш елдің кемесімен жарысқа түстік. Байланысқа шыққан кезде даусымды естігендер алғашқыда таңғалғанымен, көріп-танысқан соң көздері де үйренді маған», – дейді І сыныпты старшина. 

2014 жылы Қазақстанның әскери кемелері алғаш рет бүкіл Каспий теңізін аралап, мүмкіндіктерін көрсетті. Экипаж мүшелері көк айдында сегіз күн бойы түрлі оқу-жаттығу өткізген еді. Қуатты отандық кемелеріміз алғаш рет Каспий теңізін аралап, Иран, Түрікменстан елдерінің шекараларына барып қайтты. Жаттығу алаңдарында әрқайсысы 6 мың аттың күшіне тең келетін артиллериялық кемелерден оқ атылып, зымырандар ұшырылды. Сумен, отпен және лаңкестермен күрес түрлері көрсетілді. Осы экипаждың құрамында Жанар да кәсіби шеберлігін шыңдап қайтқан болатын.

2016 жылы Жанар ҚР ҚК әйел әскери қызметшілері арасында «Батыр арулар» конкурсының жеңімпазы атанды.

Әскери-теңіз күштері қатарында әскери қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектер көп. Алайда, Жанар – айлап, апталап теңізге ұзақ сапарға аттанатын жалғыз теңізші қыз. Жанардың қызметінің өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі мен өзгешелігі де осы.