Жанарбек Әшімжан Садыханұлы

1995-1999 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнде білім алды. Тырнақалды туындылары аудандық «Хантәңірі» (бұрынғы «Коммунизм нұры»), облыстық «Жетісу» басылымдарында жарық көрген. 1996-1999 жылдары - қалалық «Алматы ақшамы» газетiнде тiлшi, 2000 жылы - республикалық қоғамдық-саяси «Қазақстан» журналында бөлiм редакторы, 2000-2005 жылдары - республикалық «Жас Алаш» газетiнде әдебиет және саясат бөлiмдерiнiң меңгерушiсi, 2005-2008 жылдары республикалық «Жас қазақ» ұлттық апталығында бас редактордың орынбасары қызметтерiн атқарған. 2008 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болып қызмет етеді. 2003 жылы - Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң «Гран-при» иегерi. 2006 жылы - Түркiстан қаласында өткен Өмiрбай Сәуiрбаевқа арналған республикалық жыр мүшәйрасының І жүлдегерi. 2007 жылғы «БТА» банкі ұйымдастырған жазба ақындардың республикалық жыр бәйгесінің бас жүлдегері. 2008 жылы - «Бір өлең – бір әлем» атты халықаралық жазба ақындар жыр мүшәйрасының бас жүлдегері. 2009 жылы ҚР Үкіметінің арнайы жарлығымен мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және «Тәуелсіздікке 20 жыл» медалімен, сондай-ақ «Қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Өлеңдері мен эсселері республикалық басылымдарда жарық көрген. Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы «Жас қаламгерлер» кеңесiнiң төрағасы қызметін қоғамдық негізде атқарады. 2012 жылғы Қаламгерлер құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары болып сайланды.