Жанат Кеңесханұлы Ахаев – жеке кәсіпкер.

1963 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданының Сәду Шәкіров ауылында дүниеге келген. Жастайынан төрт-түлік малдың жайынан хабардар болып өскен ол 32 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Мемлекеттік «Сыбаға» және «Ырыс» бағдарламалары арқылы кәсібін дөңгелетіп, халықты ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге үлесін қосып отырған азамат. Ж.Ахаев бүгінде қазақтың ақ бас сиырын көбейтуді мақсат тұтқан. Осыдан екі-үш жыл бұрын 300-ден астам ірі қараны Қостанай облысынан алдырған. С.Шәкіров ауылынан 120 шақырым жерде орналасқан «Ахай» шаруа қожалығының өрісінде жайылып жүрген асыл тұқымды ақ бас сиырлар шөбі шүйгін, ауасы таза, суы мөлдір Талас өңіріне үйренісіп қалған.

«Байлық деген тезек сияқты, жиналған сайын сасиды, шашылса – жерді тыңайтады» деп Лев Толстой айтпақшы, Ж.Ахаев өзінің дәулетінен жағдайы төмен отбасыларға бөліп беруді, көмектесуді, халықтың игілігіне жұмыс жасауды әдетке айналдырған. Үнемі өзі туған ауылдың әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарына жәрдемдесіп тұрады. Сондай-ақ, С.Шәкіров ауылында мешіт тұрғызған.