Жасұлан Үмітқазынов - студент

Туылғанында дәрігерлердің епсіздігінің салдарынан ауыр дертке шалдығып, арбаға танылған Жасұлан өмірден күдерін үзбей қолөнерді жанына серік еткен бозбола. Білім алып жатқан жоғарғы оқу орнында үлгілі студент, адал дос, отбасына қолқанат ұл. Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан тірліктен күдерін үзбей, достарына өнегелі ісімен танылуына да, ұстамды, iшқұсалықтан аулақ жан.  Бойындағы ерік-жігерін, күш-қайратын оңды іске жұмсап, кейбір дені сау адамдар бел буа бермейтін іске жұмылған. Онысы көпке де үлгі.

Жасұлан Үмітқазынов 1992 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген. Дүниеге келгенінде өзі жеті айлық болып туылған нәрестені медицина қызметкерлері қолдарынан құлатып алған. Ата-анасы баласының алған зақымынан сал ауруына шалдыққанын біле салысымен оны емдету мақсатында Алматы қаласына қоныс аударады. Уақыт өте келе ата-анасы баласының дертіне мойымай қарсы тұруға бекінеді. Сөйтіп, арбаға танылған бала Жасұлан ел қатарлы мектепке барып, білім алды.

Жасұланның айтуынша, бастапқыда ол қоғамның өзіне деген көзқарасынан қатты қорыққан. Алайда оқуға деген ынтасы мен жігері оны алға жетеледі. Отбасының қолдауымен қанаттанған Жасұлан қалай да білім алып, үлкен азамат болуды арман тұтты. Алайда алға қарай ұмтылу үшін күш пен жігер аздық етеді. Мақсатқа жету үшін әрбір адам ізденімпаз, ынталы болуы керек. Сол үшін Жасұлан анасымен "АРДИ" мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығының орталығына барып өзі сияқты балалармен танысып, дос тауып, қолөнермен айналысып, қалалық және аудандық спорттық қолөнер сайыстарына белсенді қатыса бастайды. Тіпті АРДИ орталығының қолдауымен түсірілген кино фильмде театрландырылған көріністерде рөлдерді сомдап, актерлік талабын көрсетті. Жасұланның өзі бұл орталыққа келіп екінші тынысы ашылғандай болғанын айтады. Ол қашанда  түрлі іс-шараларда белсенділік көрсетіп, алғашқы орындардан көрініп жүрген жеткіншек. Қоғамдық шараларға белсенді қатысып, марапатталған Жасұлан қиындықпен күресте де тек жеңімпаз атанғысы келді.