Жұмабай Жақып - кәсіпкер, "Жақып" шаруа қожалығының басшысы

Ақтөбе десе ойға алдымен тары оралады. Өйткені өткен ғасырда әлемді мойындатқан әрі таң қалдырған ерекше рекорд болды. Және де ол бірнеше рет қайталанды. Ешқандай ғылыми теорияның қажетінсіз, техниканың көмегінсіз, тек еңбек тәжірибесіне сүйенген қарапайым адамның бір кездері күн жеген шығырының арқасында алақандай ауыл ауданға, аудан облысқа, облыс республикаға, ал еліміз бүкіл әлемге танымал болды. Ол ғасыр алмасса да, дәмін татып үлгерген, тамсанып еске алатын үлкендердің айтуынша, бүгінде арман болған Шығанақтың ақ тарысы еді. Бұл күнде Ақтөбе облысында Шығанақ Берсиевтің ізбасары дихан Жұмабай Жақып тары өсіру ісін жандандырды.

Жұмабай Жақып еңбек жолын 1988 жылы Ойыл ауданының савхоздарының бірінде механизатор болып бастаған. 2001 жылы өзі "Жақып" шаруа қожалығын ашып, тары егумен айнылса бастайды.

Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары тары түгіл бас қайғымен, ел қала сауғалап үдере көшкенде, ата қоныста ата кәсіптің құлағын ұстап қалған бірлі-екілі азаматтың бірі осы Жұмабай Жақып болған. Бүгінгі күні пайдасынан гөрі, шығыны басым бұл еңбек жемісін беріп, Ақтөбенің ақ тарысы шетелдің сөресінде сатыла бастады. Ол: "Тары — мығым ас. Қазақ оны ежелден жақсы көреді. “Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады”, “Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша” дегендерді халық текке айтпаған. Ең қадірлі дән бидай деп жүрміз ғой, ол рас та. Бірақ бидай тарының атқарғанын кейде атқара бермейді. Тарыны етке қоссаң — нан. Су мен сүтке араластырсаң — қымыздай көже. Үгіп майға салсаң — жент. Әрі тәтті, әрі нәрлі қазақ халуасы. Қайнатып қуырып алып, ақтап жесең бірде — сусын, бірде — тамақ. Тіпті болмайтыны жоқ. Өнімі де мол, еңбекті де еселеп өтейді" дейді. Ол Астана қаласындаңы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университетінде өткен конференцияға қатысуға шақырту алып, Жұмабайға сол тарысымен бірге Италияға бару бақыты бұйырды. Өйткені оның тарысы зерттеу нәтижесінде Туринде өтетін дүниежүзілік көрмеде таза аграрлық тағам ретінде ұсынылды. Әлемнің 150 елі қатысатын көрмеде Ойылдың тарысы насихатталады. Бұған біздің елімізден 9 адам қатысса, соның бірі “Жақып” шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай. Жұмабайдың айтуынша біздің тарымыз перзентханалардың ас мәзіріне кіретін болады. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тарының қасиеті мен құнын, дәруменге бай екенін ата-бабамыз әуелден жақсы біледі. Ашаршылық кезінде бір уыс тары бір үйлі жанды құтқарса, әжелеріміз жас босанған аналарға сүттің мол шығуы үшін тары салып шай ішкізген. Демек, өмірлік тәжірибеде пайдасы бар екені дәлелденген дәніміз медицина саласында маңызды асқа ие болып жатса құба-құп. 
Жұмабай Жақып қазір туған ауылында депутат. Бірақ, салқын кеңседе отыру диханның табиғатына жат. Дихан "Ауданымыздың өңірі негізінен ауыл шаруашылық саласына қолайлы. Өйткені экологиясы таза, “бұрғыланбаған” жердің шөбі мен оған жайылған мал етінің дәмділігі қалалықтардың талғамы болып тұр. Мал өсіру-ол ата кәсіп. Екінің бірінің қолынан келеді. Шүкір, өрісіміз төрт түлікке толы. Ал, біраз жылдан бері бос жатқан жерлерге егін салып, суармалы жерлерді пайдаға асыру ауданның арманы, әрі мақсаты еді. Сол облыс бойынша көлемді іс соңғы жылдары іске асып келеді. Жетістігін жерден іздеп, бақытын бақшадан тапқандар аз емес, көбейіп келеді. “Жұмырбай”, “Спарта” сынды көш бастаған шаруалар жыл са-йын тәжірибе жинақтап, табиғи өнімдерімен танымал болып жатса, тың кәсіпті тізгіндеген Расул мен омарташы Ғалимарданбектің та-уарлары үлкен сұранысқа ие болып отыр. Ал, тарының жөні бөлек. Шығанақ бабамызды шетелдік ғалымдар “тары докторы” деп атаған" дейді.
Сарбие ауылдық округінен “Жақып” шаруа қожалығы “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы аясында 2,7 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Ол қаржыға қожалықта жеке суару техникалары және тарыны стандарттық жобада қаптайтын станок сатып алған. Шаруа қожалығына тарыны өткізу үшін мемлекеттік стандартқа сай сертификат берілді, болашақта арнайы патент алуға құжаттары тапсырылды. Шаруа қожалығының басшысы Жұмабай Жақып тары дақылын зерттеу бойынша халықаралық ұйымның мүшелігіне өтіп, оның тағамдық құндылығын терең зерттеу жұмыстарына қатысты. 
- 2000 жыл шаруаға қолайлы жыл болып, 20 га жерден 25 центнер тарыдан таза өнім алынды. Кейін ауа райының қолайсыздығынан тек 5-6 центнер өнім алдық. Бірақ 2012-2013 жылдары 140 га жерге тары егіп, одан 14 центнер өнім алып, облыс көлемінде жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Биыл суармалы әдіспен 120 га жерге ектік,- дейді Жұмабай Жақып.
Ойыл тарысынан дайындалатын жент Астанада, Мәскеуде, тіпті Италияда үлкен сұранысқа ие. Сырты шоколадпен қапталған жент енді әлем дастарханында тұратын болады. 
Бұл өнімді шығару үшін “Жақып” шаруа қожалығының төрағасы қаладағы “Ваниль” кондитерлік желісімен келісімшарт жасасқан. Қазір олар кондитерлермен бірге шоколадты жент шығаруды қолға алған. Мұндай женттерді сапарлап бара жатқандар Ақтөбенің дәмі есебінде сатып ала бастаған. Осылайша, Актөбе өңірінің брендіне айналған шоколадты жентті жасап, аймағымызды дамытып отырған “Жақып” шаруа қожалығының төрағасын "100 жаңа есім" жобасына лайықты деп санаймыз.